Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің физика факультетін тәмамдадым. Мамандығымды саналы түрде таңдадым, бұл таңдау өмірімдегі маңызды қадамдардың бірі болды.
Менің педагогикалық еңбек жолым 1997 жылдан бастау алады. Осы жылдар ішінде мектеп мен үшін тек жұмыс орны ғана емес, үнемі дамып, тәжірибе алмасатын, рухани өсуге мүмкіндік беретін ортаға айналды. Өз мамандығымды шын жүректен жақсы көремін және оқушылармен білім бөлісіп, оларға қолдау көрсетіп, қабілеттерін ашуға көмектесе алатынымды мақтан тұтамын.
Мектеп жасынан бастап кітап оқуды жақсы көремін, өйткені кітаптар дүниетанымды кеңейтіп, әлемге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Бос уақытымда аспаздықпен айналысқанды ұнатамын, ол мен үшін шығармашылықтың, жан тыныштығы мен үйлесімнің көзі.
Өмір жолымда бағыт-бағдар беріп, үлгі болған жандарды әрдайым зор алғыспен еске аламын. Олар – ата-анам мен туған-туыстарым, сондай-ақ кәсіби қалыптасуыма зор ықпал еткен физика және математика пәнінің мұғалімі Динжуманов Ерлан Тлеугазиевич.
Мені қоршаған барлық адамдарға қолдау көрсетіп, тәжірибе бөліскені, кәсіби өсуіме ықпал еткені үшін алғысымды білдіремін. Әріптестермен және оқушылармен қарым-қатынас өмірімді мазмұнды, қызықты етіп, өзіме деген сенімділігімді арттырып, әрі қарай дамуға ынталандырады.
Мен өз жұмысыммен қоғамға пайдалы бола алатынымды, балалар мен ересектерге көмектесіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан етемін.
Болашақтың мінсіз мектебі – балалар өзін бақытты, өзіне сенімді сезінетін, білімді қуана алатын, жан-жақты дамитын және мектепке ықыласпен, қызығушылықпен баратын орта.