2025 жылғы 5 желтоқсанда «Тұран Лицейі» мектебінде жаратылыстану-математикалық цикл мұғалімдеріне арналған «ЖМЦ сабақтарында оқу жетістіктерін арттыру шарты ретінде функционалдық сауаттылық пен сыни ойлауды дамыту» тақырыбында қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинар аясында информатика пәні мұғалімі Саттыбаева Л. И. заманауи оқыту әдістерін қолдана отырып ашық сабақ өткізді. Сабақта сыни ойлау технологиясы, жасанды интеллект элементтері, диалогтік және топтық оқыту, сондай-ақ тәжірибеге бағытталған тапсырмалар пайдаланылды.
Сабақ интерактивті стикерлермен жұмыс жасаудан басталып, одан кейін оқушылар топтарға бөлінді. Білімді өзектендіру кезеңінде олар кіріктірілген функциялардың түрлерін қайталап, кабинеттегі көрнекі материалдарға сүйене отырып сабақтың тақырыбын анықтады. Әр топ «Бар ақпарат негізінде деректерді талдау» тақырыбының бір бөлігін зерттеп, нәтижелерін презентация және флипчарт арқылы қорғады.
Практикалық бөлімде оқушылар Қазақстан көлдері туралы мәліметтерді электрондық кестеге енгізіп, кіріктірілген функцияларды қолданды және қорытындылар жасады. Сабақ рефлексия және бағалаумен аяқталды.
Семинарға қатысушылар оқушылардың жоғары белсенділігін, сабақты ұйымдастырудағы заманауи тәсілді және тапсырмалардың практикалық бағыттылығын атап өтті. Ашық сабақ тәжірибе алмасуға және тиімді білім беру әдістемелерін көрсететін маңызды алаңға айналды




